Жоғары
«ШЕТ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН
КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ»

КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

Дәулет Ырысбайұлы (1964-2006)

...

Д.Ырысбайұлы 1964 жылы қарашаның 14-ші жұлдызында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Кеншоқы ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Нұра орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданады. 1982 жылы мектепті аяқтап, 1983 жылы көктемде әскерге алынады. Украинаның Запорожье қаласында Отан алдындағы әскери міндетін атқарады.

Әскери борышын өтегеннен кейін, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Студенттік шақтағы шығармашылығын шыңдауға зиялы ортаның әсері де тиеді. Студент кезінде өнерге құлшыныс білдіріп, өлеңдерін оқып, мүшайраларға қатысуымен қатар айтыстардан айтулы салдарымен де көріне біледі. Осы оқудың жанынан құрылған «Балауса» орталығында ақындық өнерін шыңдай түседі. Ең алғашқы еңбек жолын мектепте ұстаздық етумен бастап, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде, телерадиокомпанияда қызмет атқарады. 1988 жылы Мереке атты жарымен шаңырақ көтереді. «Азия Транзит» газетінің 1999 жылғы 16-желтоқсанда «Ғасырмен Жердің мұң-зарын тыңда, Адамзат!» тақырыбымен өлеңдер жинағы жарық көреді. 2002 жылғы 6-маусымда «Жұлдыз» журналына «Ару күндер бара жатыр аяңдап...» атты өлеңдерінің топтамасы басылып шықты. «Орталық Қазақстан» газетіне 2002 жылы 22-мамырда өлеңдері оқырмандардың қолына тиді. Соңғыларының бірі болып «Үміткер» газетінде 2005 жылдың 20-қаңтарында «Жаныма дос бол ғалам» тақырыбымен поэзиясы паш етілді. Соңғы өлеңдер жинағы 2006 жылы наурыз айында «Орталық Қазақстан» газетіне шықты.                                                   

Өлеңдері «Шет өңірі ақындарының антологиясында», Қ.Аманжоловтың 90 жылдығына орай шыққан 4 томдық жинаққа енген. 2000 жылы «Ғұмырымның тамшысы» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 2005 жылы «Нұр» кітабы да жыр сүйер қауымның жанынан орын тапты. Ақындығымен қатар аудармашылық, журналистік қабілеттері де өз белестерінен көрінді. Композиторлық еңбектерін «Қарағанды жастары», «Достарым», «Нұраның нұры», «Сен деп соққан жүрегім» (әні: Ерслан Жақыпханов), «Өзің» (әні: Қалиасқар Шыныбектегі), «Жалын-Жаным» (әні: Сайраш Орақбаева), «Туған жер» (әні: Қайрат Мұстафин) ел аузына таралды. Жамағаттың жүрегінен орын алған «Қарағанды вальсі» (әні: Д.Ырысбайұлы) көпшіліктің сүйікті әніне айналды. Драматургиясына тоқталсақ Арқаның айбынды ардақтысы Мәди Бапиұлына арналған «Азаттықты аңсаған ақиық» драматургиялық қойылымы мен «Құмырадағы махаббат» сахналық көрінісі елді елең еткізді. Сонымен қатар, әзілді де сәнге айналдырып жүретін ақынның біршама әзіл әңгімелерін Қарағанды қаласында құрылған «Қисық театр» әзіл-сықақ отауының қойылымдарынан тамашалауға болады. Ақиық ақын соңғы рет «Нұр» кітабы шыққан соң туған топырағына ат басын тіреп, Ақсу-Аюлы ауданында 2005 жылы 7-шілдеде шығармашылық кешін өткізді. 2006 жылы шыққан Керней шежіресінде өнер, мәдениет қайраткерлері қатарынан орын берді. Д.Ырысбайұлы 2006 жылы наурыз айының 13-ші жұлдызында 42 жасында өмірден өтті. Артында жары, екі қызы, бір ұлы және өлеңдері мен елі сүйіп тыңдайтын әндері қалды.

Ырысбайұлы, Д.  Ғұмырымның тамшысы [Мәтін] : өлеңдер жинағы / Д. Ырысбайұлы. - Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2000. - 100 б.

Өлеңдері:

Бейбіт өмір тіледім жер бетіне

Күн өртемей,

Түнек болмасын жерге түн,

Қасірет басса ғаламшардың келбетін.

Иманымды үйіріп, құманыммен су қүйып,

Қайтеді өзі, ғұсылдандырсам жер бетін?!

 

Иесіз қалса, бөлшектенер бүтінің,

Киесіз болса, қасиеті не үкінің?!

Айдаһардай жалғыз басты жалмауыз,

Жүтпаса екен ізгіліктің тұқымын.

 

Жазмышқа не істер дейсің құлың түк,

Танаулаған танаңызды жібереді тұлым қып.

Алысуды ар көреді ұлылық,

Мүмкін, жеңіс иеленсе зұлымдық!

                                                                           06.07.03.

 

Талантты Надан

Аспан асты Адамдықтан кенде ме?!

Надандыққа қонбайды екен ем неге?!

Адамдықтан жұрдай мына пендеңе,

Асқан талант бердің, Алла, сен неге?!

 

Көкейіңді мазалайды көп сұрақ,

Бұл Фәниден ар-ожданды өт сұрап.

Мұсылмандар жайыңдаршы алақан:

 -Уа, Адамдық, аман болшы деп сұрап!

 

Жақсылықты жаратқаннан көп тіле,

Адам менен надан дос боп өтті де.

Балаңызға залым ұстаз болмасын;

Зұлымдықтар оқымасын деп тіле.

 

Екі көзім енді нені көресің?!

Ертегі өмір ертең кімді комесің?!

Адамдықты арам шөптен тазартып,

Екі қолым еңбек етіп келесің!

 

Шын ғалымға қатысы жоқ ирония

"Ученых много, умных мало..."

                                     А.С.Пушкин      

 

Білімнің жолын оңдайтындар көп,

Көкейге көбі қонбайтындар тек.

Жаңалық ашқан ғалымдар аздау,

Біздің ғылымда қорғайтындар көп.

 

Ақиқат үшін алыстан арбас,

Өлермен шіркін таныстан қалмас.

Ұлылар жазған ілімге ілінген,

Ғалымның қадірі алысқа бармас.

 

Көрінсе көзге беу деме, налып,

Жүрмесе болды әуреге салып.

Басында емес білімі мынаның

Пісіп тұр екен кеудеге барып!

 

Арғымақ жырды ерттедім енді,

Ертеңгі күнге ерткенім белгі.

Немене қорғап жүргенін білмей,

Осылай мен де зерттедім елді!

 

Тарихтан Алаштың алашағы мол,

Қалай ізденсе де жарасады ол.

Қолдайтыны мен қорғайтыны көп,

Менің елімнің болашағы зор!

 

Отыздың оты

Әкем - Күн, Анам - Аспаным,

Алып Жер - шыққан Асқарым.

 Отыздың оты жалындап,

 Отсызды оңай жасқадым.

Жалаң қылыш жастамын,

Жартылай жазған дастаным.

Артымда қалды отыз күн,

Асығын иіріп басқаның.

Болдыра қоймаспын, бойдан ұқ,

Мұратым мығым ойда анық.

 Жаһанды жаңадан ашса ғой,

 ...Отырмын соны ойланып.

Болмайды жігер құр қызған,

Сыр сұрап жазам жұлдыздан.

О, менің, арқар тағдырым,

Құлата көрме бір құздан.

                                                    1994.

 

Толағай мен Қомағай

Күннің артынан күн ерген,

Өтем деп өмір түнерген.

Азғантай мына ғұмырда,

Қаншама қате жібергем.

 

Пенде қайтсін адасқан?!

Алдың енді қара аспан.

Итшілеген өмірі тек,

Итке ғана жарасқан.

 

Бұл қазақтың дарыны көп,

Дарындының жағымы жоқ.

Содан болар, дәл бүгін,

Қамсызымның қарыны тоқ.

 

Қамсызымның қарыны тоқ,

Арсызымның арыны  - от.

Аса алмаған арсыздан,

Дарынды көп... бірақ жоқ!

 

Р.S.

Қомағайда қолағаш,

Толағайда мойын ағаш.

Тау астында  - Толағай,

 Тау үстінде - Қомағай.

 


Келулердің саны: 3416

Жаңалықтар таспасы rss
11.12.2019

«Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік»

...

11 желтоқсан күні Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастырумен Тәуелсіздік күніне арналған «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік»…

Толық

28.11.2019

«Жаһандық ауқымдағы тұлға» атты оқырмандармен онлайн конференция өткізілді.

...

Тұңғыш Президент күніне орай Қарағанды қаласының М.Әуезов атындағы кітапханалар жүйесінің №4 филиалының ұйымдастырумен 1 желтоқсан…

Толық

21.11.2019

«Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады»

...

Тұңғыш Президент  Н.Ә. Назарбаев 2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс…

Толық

15.11.2019

«Ұлттық валюта-теңге күні»

...

15 қараша Ұлттық валюта күніне орай аудандық кітапханада «Бизнес бастау» жобасының тыңдаушыларымен «Ұлттық валюта-теңге күні»…

Толық

14.11.2019

«Бір ел - бір кітап»

...

14 қараша «Бір ел - бір кітап» акциясы бойынша аудандық кітапханада «Бизнес бастау» жобасының тыңдаушыларымен Әбділдә Тәжібаев…

Толық

Көп оқылған беттер
22.06.2015

... «Мен кітапханаларды білім, адамгершілік, парасат ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын». Әбіш Кекілбаев

Толық

24.07.2015

... Кітапхана құрылымы

Толық

04.08.2015

... Басылымдар патшалығы

Толық

23.07.2015

... Мерзімді басылымдар - 2017 жыл

Толық

27.07.2015

... Шет аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі

Толық

15.07.2015

... Кітапхана туралы

Толық

Интерактивтік сұрақ

Қай саладағы кітапты жиі оқисыз?






Нәтижелер



Яндекс.Метрика

gif